Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында жол-апатын жасап, қашып кеткен жүргізуші ұсталды

Түркістан облысының полицейлері адам өліміне әкелген жол апатын жасап, жасырынған жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

15 қыркүйекте Түлкібас АПБ-нің кезекші бөліміне учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Аслан Мамбетбаев хабарласып, екі ауыл арасындағы тас жолдың бойында дене жарақаттары бар белгісіз ер азаматтың мәйіті жатқанын жеткізген.

Хабарламаны алысымен жедел-тергеу тобы тез арада оқиға орнына бағыт алып, шұғыл жетті. Тексеру барысында полицейлер “Mercedes Benz” маркалы автокөлік тас жолдың бойында кетіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып, жол- көлiк оқиғасы болған жерден қашып кеткенін анықтады. Жол-апаты салдарынан алған дене жарақаттарынан жаяу жүргінші оқиға орнында қаза болған. Аталған жайтты полицейлер СДТТБТ-не тіркеді.

Соңы адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасына қатысы бар жасырынған көлік пен оның жүргізушісін ұстау мақсатында Түлкібас аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралар кешені жүргізілді. Тәртіп сақшылары ауыл-ауыл, көше-көшені аралап мұқият тексеру жұмыстарын іске асырды. Көрген-білгендерден сұрастырды. Осылайша жүргізілген шаралардың нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдіктіні “ізін суытпай” үш сағат ішінде тұрғылықты мекен-жайы бойынша үйінен ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Айғақты зат ретінде көлік тәркіленіп алынып, айыптұраққа қойылды.

Тексеру барысында күдікті адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан бой тасалағанын толық мойындады. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша автокөлікке тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Аталған жайт Түлкібас АПБ-не ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) және 347-бабы (Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша тіркелді.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысына қатысушыларға жолда абай болуға және жол қауіпсіздігі ережесін бұзбауға, жылдамдықты асырмауға, қашықтықты сақтауға, ал жол-көлік оқиғасы болған жағдайда оқиға орнынан қашып кетпеуге кеңес береді.

Егер сіз жол-көлік оқиғасына қатысушы немесе куәгер болсаңыз, шұғыл “102” телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру