Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі аудандарда болды

Түркістан облысының бас полицейі үш бірдей ауданға іссапармен барып, учаскелік полиция пунктерінің жұмысын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков, іссапармен Сарыағаш, Қазығұрт және Бәйдібек аудандарының полиция бөлімдеріне барды.

Онда жұртшылық өкілдерімен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдап, учаскелік полиция пунктерінің қызметімен танысты.

Сапар барысында облыстың бас полицейі Сарыағаш АПБ-нің жаңадан салынып жатқан ғимаратының құрылысымен танысты. Содан кейін ПБ-нің мәжіліс залында аудан әкімі Мұхит Отаршиев, прокурор Нұрғали Жомартұлы, жеке құрам мен аудан тұрғындарының қатысуымен жиналыс өткізді. Бірнеше тұрғынды жеке қабылдап, олардың мәселелеріне ден қойды. Тұрғындар тарапынан көбіне алаяқтық, мал ұрлығы бойынша сауалдар жолданып, нақты жауаптар берілді.

Халықпен кері байланысты нығайтып, ашықтықты қалыптастыру мақсатындағы кездесу одан ары Қазығұрт ауданында жалғасын тапты. Мұнда Қайрат Дәлбеков алдымен, жедел-қызметтік іс-әрекеттің қорытындылары бойынша кеңес өткізді. Жиналысқа әкімдік, қоғам өкілдері, аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен жеке құрамы қатысты. Кездесуде Қ.Дәлбеков облыс бойынша қылмыс санының төмендегенін және криминогендік жағдайдың жақсарғанын атап өтті. Жиналыстан соң, генерал тұрғындарды жеке қабылдап, ұсыныс-пікірлеріне, сұрақтарына құлақ асты.

Айта кетерлігі, осы қабылдауда болған мүмкіндігі шектеулі тұрғын Берік Серікбаев қанағаттанарлық жауап алып, генералдың жұмысына оң бағасын беріп, әлеуметтік желі арқылы шынайы ризашылығын жеткізді.

Нақтырақ айтсақ, ІІ-топ мүгедегі ПД бастығының парақшасына:

– Сізге үлкен рахмет, Алла разы болсын! Қабылдау өткізгеніңізге ризамын. Сіздей іскер адамды көріп қуанып қалдым. Нағыз ел қорғаны екенсіз. Жұмысыңыздың жауапкершілігін жіті сезінетін мықты жанның бірісіз. Алдағы қызметіңізге сәттілік тілеймін. Деніңіз сау болсын, Сіз, халыққа керексіз!, -деп жүректен шыққан сөздерін жазып жіберген.

Іссапар барысында генерал, Қазығұрт ауданындағы екі учаскелік полиция пунктерін тексеріп, оларды күрделі жөндеуден өткізу керектігін айтты.

Қызметтік сапар соңында Қайрат Дәлбеков, Бәйдібек ауданына ат басын бұрды. Онда Бәйдібек ауданының әкімі Шәріпбек Ержігіт, аудан прокуроры Ержан Қожабеков және жеке құрамның қатысуымен жиын өткізді.

Қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың, оның ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық, мал ұрлығы, жол-көлік оқиғалары және басқа да қылмыстардың алдын алудың маңыздылығына тоқталды. Оған қоса, мал ұрлығына жол бермеу мақсатында әкімдікпен, бақташы мен мал иелері арасында еркін жайылымдарда жануарларды қауіпсіз жаю үшін үш жақты келісім-шарт жасасу ұсынылды. Тұрғындарды мәселелері бойынша жеке қабылдап, сауалдарына жауап берді. Учаскелік полиция пунктеріне барып, олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, интернет-байланыс және жылумен жабдықтау сапасына, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуына ерекше назар аударды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру