Түркістан облысының бас полицейі тұрғындардың мәселесін тыңдады
Түркістан облысының бас полицейі тұрғындардың мәселесін тыңдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов алдын ала жазылған азаматтарды жеке қабылдады. Облыстың бас полицейі мұндай қабылдауларды аптаның әр сәрсенбі күні тұрақты түрде өткізіп келеді.
Мұндағы мақсат – полиция мен халық арасындағы кері байланысты нығайту, ашықтықты қамтамасыз ету. Бұл аптадағы жеке қабылдауға облыстың 15 тұрғыны келіп, мәселелерін айтып, шешілмей жүрген көкейтесті арыз-шағымдарын жеткізді.
Мәселен, сарыағаштық С.Тойшыбекқызы ұрлық қылмысы мәселесін көтерсе, Н.Нұрланқызы алаяқтық жасағандарға қатысты шара көруді сұранды. Қабылдау барысында кадрлық мәселелер де айтылды. Сарыағаш қаласының тұрғыны Т.Диханбаев Сарыағаш АПБ-де қызмет атқаратын қызын басқа бөлімге ауыстыруы жөнінде өтініш берді.
Сондай-ақ, Төлеби ауданынан бір топ ауыл үлкендері келіп, өндірістік кооперативтерге қатысты жер дауын көтерді. Қариялар 2015 жылдан бері айтылып келе жатқан қылмыстық іс әрекеттің көпке созылып жатқандығына тоқталды.
Мұрат Қабденов тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселелерді мұқият тыңдады. Әрбір арыз-шағымға кең көлемде жауап беріп, кеңесін айтты. Кей мәселелердің шешілуін өз бақылауында ұстайтындығын сөз етті. Тиісті басшы құрамға тапсырма беріп, алдағы уақытта назарда ұстайтындығын жеткізді.
– Біз бүгін жер дауына қатысты қордаланған мәселемізді бас полицейге жеткіздік. Департамент бастығы бізді жақсы қабылдап, сөзімізге мұқият құлақ түрді. Содан мәселенің шешілуін назарға алатынын айтты. Орынбасары А.Қалдарбековке тапсырма беріп, біздің істі бақылауға ұстайтынын жеткізді. Сұрағымызға қанағаттанарлық жауап алдық. Мұрат Қабденовке сенім артамыз. Үлкен рақмет, – деп атап өтті төлебилік тұрғын Ғалымжан Ибрагимов.