Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері із-түзсіз жоғалған қызды Шымкенттен тапты

Түркістан облысының полицейлері із-түзсіз жоғалған 16 жастағы қызды Шымкент қаласынан тапты, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы АПБ-на жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда түнгі уақытта қызы үйінен шығып кетіп, содан хабарсыз кеткенін көрсеткен. Жасөспірімнің анасы өз бетінше іздеген, алайда еш нәтиже шықпаған. Содан соң полиция қызметкерлерінен көмек сұрады.

Хабар алысымен полиция қызметкерлері бірден жасөспірім қызды іздеуге бағытталған шаралардың барлығын атқарды. Таныстарының, туыстарының үйлерін жіті бақылап, көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде бір тәулік ішінде қыздың жүрген жері анықталып, Шымкент қаласынан табылды. Қазіргі таңда жасөспірім қыз ата-анасымен бірге.

Өз кезегінде қызының дін аман табылғанына қуанған анасы:

– Полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз. Қызымызды тауып алып келіп, қолымызға аман-есен табыстады. Жұмыстары алға баса берсін. Әр уақытта жақсылық болып, дендеріне саулық тілеймін, – деп өз алғысын жеткізді.

Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға қырағы болуды және балаларын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар қыздарыңызбен сырласып, ойын толық тыңдауға шақырады. Балаларыңыз немесе жақындарыңыз адасып, жоғалған жағдайда, тез арада “102” телефоны арқылы полицияға хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру