Түркістан облысының полицейлері карантин режимін бұзу фактілерін анықтады
Түркістан облысының полицейлері карантиндік шектеулерге қарамастан түнде жұмыс істеп тұрған дүкен мен оның ішінде бетпердесіз жүрген тұрғындарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында мобильді топ өкілдері карантин талаптарының сақталуын қатаң қадағалауда. Олар дүкендер мен кафе-барларға, ойын-сауық орталықтарына тексеру жұмыстарын жүргізіп, олардың тек белгіленген уақыт аралығында ғана қызмет көрсетуін бақылауда.
Мысалы, Кентаулық учаскелік полицейлер өздеріне бекітілген әкімшілік аумақта осындай кезекті рейд өткізу барысында Кентау қаласы көшелерінің бірінде түнгі сағат 22:00-ден кейін ашық тұрған дүкенді байқаған.
Тексеру мақсатында дүкен ішіне кірген полицейлер аталмыш дүкенге келушілердің де бетпердесіз жүргенін анықтады. Тәртіп сақшылары тұрғындарға карантин талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, белгіленген уақыттан тыс мезгілде жұмыс істеп тұрған дүкен иесі мен бетпердесіз жүрген екі сатып алушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша хаттама толтырды.
Жинақталған материалдар Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөліміне жіберілді.