Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлаумен айналысқан сыныптас екеуді қолға түсірді

Түркістан облысының полицейлері мал ұрлаумен айналысқан сыныптас екеуді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, мал ұрлығының құрбаны болғанын жеткізеді. Ер адамның айтуынша, оның ауласында арқандаулы тұрған екі бас құлынды биесін белгісіз біреулер жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі екі миллион теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынды.

Орын алған қылмысты ашып, күдіктіні ұстау мақсатында келестік қырағы полицейлерден жедел-терегу тобы құрылды. Полицейлер куәгерлерден жауап алып, жақын аумақтарды тыңғылықты қарап шықты. Мал базарлар мен мал тасымалдайтын автокөліктерді мұқият тексерді. Жан-жақты жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілердің жеке-басы анықталды. Олар сыныптас болған екі жас жігіт болып шықты. Біреуі бұрын сотты болған. Тәртіп сақшылары күдіктінің бірі тұрғылықты мекенжайынан, ал екіншісін Алматы қаласынан жұмыс істеп жүрген жерінен ұстады.

Белгілі болғандай, ауылдастарының жай-күйін жақсы білетін күдіктілер, жайылымнан, қора-жайдан төрт-түліктерді жымқырып отырған. Олардың 6 жайт мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Қазіргі таңда күдікті екеу қамауда. Тергеу амалдары жүргізіліп, жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру