Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері қарға батып, кептеліс тудырған көлік жүргізушісіне көмектесті

Түркістан облысының полицейлері қарға батып, кептеліс тудырған көлік жүргізушісіне көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысында бірнеше республикалық және облыстық жолдар жабылды. Бұл жайында полицейлер тарапынан тұрғындарға ескерту де берілді. Десек те, ауа райының қолайсыздығына қарамай, жолға шыққан жүргізушілер қатары да баршылық. Олардың біразы жолда жүре алмай, қиналып қалды. Мәселен, Бәйдібек аудандық полиция бөлімі ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары Бағдат Құрақ пен Ерболат Қыдырәлі екеуі өздеріне бекітілген аумақта қарға батып, жүре алмай тұрған көлікке қолғабыс етіп, алғыс алды.

Нақтырақ айтсақ, Ақтас ауылдық округі Ағыбет ауылында орналасқан Мұзбел асуында күннің күрт суытып, боран соғуына байланысты Mercedes көлігі қарға батып қалған. Соның салдарынан кептеліс орын алған. Оқиғаға куәгер болған полицейлер бірден әрекет еткен. Өздерінің Niva қызметтік көліктеріндегі арнайы құралдарды пайдалана отырып, көлікті сүйреп шығарады. Осылайша жүргізуші мен оның жолаушысын қауіпсіз аумаққа өткізді.

Өз кезегінде Созақ ауданының тұрғыны полицейлердің жанашырлығына риза болды.

– Мұнда қыдырып келген едік. Енді елімізге, Созаққа қайтуға шыққанбыз. Жолда көлігім қарға тығылып қалды. Қайта дәл уақытында полицейлер келіп шығарып, құтқарды, – деп жүрекжарды сөздерін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру