Түркістан облысының полицейлері шекарадан есірткі өткізбек болған шетелдікті анықтады
Түркістан облысының полицейлері шекарадан гашиш алып өтпек болған шетелдікті қамауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне Атамекен шекара бақылау бекеті қызметкерлерінен есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Анықталғандай, Өзбестан Республикасынан Қазақстан Республикасына өтіп бара жаткан орта жастағы ер адамға Нойс атты қызметтік ит белгі берген. Содан шекарашылар бірден жедел тергеу тобын шақырған.
Мақтааралдық тәжірибелі полицейлерден құралған тергеу тобы сезіктінің тәжік азаматы екенін анықтады. Оған тінту жүргізу кезінде шалбарының қалтасынан есірткі тектес зат тәркіленіп алынды. Алынған зат сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысы бойынша есірткінің 0,3 грамнан асатын гашиш екендігі расталды.
Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті қамауға алынды.