Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері тұрғын үйге ұрлыққа түскен үш жігітті анықтады

Түркістан облысында тұрғын үйге ұрлыққа түскен күдіктінің біреуі ұсталып, қалған екеуі іздестірілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, ұрлықтың құрбаны болғанын жеткізді. Ол өз арызында үйіне түнгі сағат 01:00 шамасында белгісіз біреулер терезесін сындырып кіріп, тұрмыстық техника мен құрылыс заттарын ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленуші ер адамға 850 мың теңге шығын келген.

Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеуге алды.

Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, көрсетілген мекенжайға барды. Полицейлер жан-жақты мұқият қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды.

Нәтижесінде, бұл қылмысты үш бірдей жас жігіт жасағаны анықталды. Тәртіп сақшыларының қырағылығымен күдіктінің бірі Шымкент қаласында жүрген жерінен құрықталды.

Белгілі болғандай, күдікті үшеу өзгенің үйіне заңсыз кіріп, құрылыс заттарын, тұрмысқа қажетті қысқатолқынды пеш пен теледидарды ұрлаған. Бүгінде барлық ұрланған заттар полицейлермен айғақты зат ретінде тәркіленіп алынып, иесіне қайтарылды. Қалған екі күдікті іздестірілуде. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру