Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері ұрланған автокөліктерді сатып алған азаматтарды ұстады

Түркістан облысының полицейлері ұрланған қымбат автокөліктерді сатып алушы азаматтарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Еске сала кетейік, Түркістан қаласында көлік ұрлығын жасаған төрт адамнан құрылған аймақаралық қылмыстық топ тәжірибелі полицейлердің атқарған жедел шараларының нәтижесінде бір тәулік ішінде ұсталған.

Күдіктілер Ақтөбе облысы, Қызылорда және Түркістан қаласында қымбат көліктерді жымқырған. Олар өздерінің олжаларына қол жеткізу үшін бағасы бес миллион теңге шамасында тұратын арнайы сканер аппаратын қолданған. Оның көмегімен кілттеулі тұрған бес бірдей қымбат автокөліктің есігін ешкімге байқатпастан ашып, сатып жіберген.

Бүгінде аталған жайт бойынша түркістандық тәртіп сақшылар ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Күдіктілерден айғақты зат ретінде ұрланған “Toyota Camry 55” автокөлігі мен сканер аппараты алынды.

Облыстың тәртіп сақшылары күдіктілердің жымқырған көліктерін сатып алушылардың ізіне түсу үшін іссапарға аттанған болатын. Міне бүгін оның да нәтижесі белгілі болды.
Өз ісінің тәжірибелі мамандары қымбат көліктерді арзан бағада сатып алып отырған төрт бірдей сатып алушының түр-тұлғасын анықтады. Тиянақты жүргізілген тексеру жұмыстары барысында сатып алушылардың Ақтөбе облысының тұрғындары екені белгілі болды. Оларды жедел уәкілдер Шымкент қаласы, Ақтөбе мен Қостанай облыстарында ұстады. Ал бір сатып алушыға қатысты іздеу жарияланды.

Полицейлер ұрланған қымбат көліктердің бірін, яғни “Toyota Camry” көлігін қайтарып беріп, оның заңды иесі алғысын айтты.

– 24 сағаттың ішінде полиция қызметкерлері менің автокөлігімді тауып, қылмыскерлерді ұстады. Жауапкершілікті алып, жұмыстарын жоғары дәрежеде көрсетті. Сол себепті Түркістан қаласының полиция қызметкерлеріне өзімнің алғысымды білдіремін. Солардың арқасында өз автокөлігімді қайта иелендім, – деді жергілікті тұрғын Асқар Серікбаев, ризашылығын жеткізіп.


Түркістан облысының полицейлері ескертеді: барынша жеке мүліктеріңізге сақ болыңыздар! Автокөліктеріңізді сенімді автотұраққа қойып, есігін мықтап кілттеп жүру қажет. Ал егер де көлігіңіз ұрланса, бірден полиция қызметкерлерінің “102” телефонына хабарласыңыздар!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру