Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері зейнеткерге жеке куәлік алуға көмек берді

Түркістан облысының полицейлері 70 жастағы әжейге жаңа жеке куәлік алуға көмек берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түрлі жағдайларға байланысты құжаты дұрыс емес, мүмкіндігі шектеулі және зейнеткерлік жастағы азаматтарды, көп балалы аналарды, құжаттандыру үшін Түркістан облысы ПД көші-қон қызметі полицейлері осындай жандардың тұрғылықты мекенжайына арнайы баратын мобильді топ жұмыс жасап келеді.

Осы бағытта жүргізілген жұмыс кезінде Келес АПБ-ның қызметкерлері 70 жастағы ақжаулықты анаға құжатын жасап берді. Нақтырақ айтсақ, Келес АПБ Көші-қон қызметі бөлімшесіне жергілікті тұрғындардың бірі хабарласып, анасының құжаттарын рәсімдеу керектігі туралы өтініш білдірген. Оның айтуынша, анасы Қазақстанның тумасы, ол ескі үлгідегі құжатын бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы азаматының жаңа үлгідегі жеке куәлігіне ауыстырмаған. Яғни, қаржылық қиындықтарға, отбасындағы кейбір жағдайларға байланысты бұл күнге дейін жеке куәлік алмаған.

Келестік полицейлер егде жастағы әйелге жаңа құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетуге бірден кірісті. ҚР ІІМ-нің талаптарын егжей-тегжейлі түсіндіре отырып, тұрғынға құжаттарын жинақтауға көмектесті. Одан кейін жедел әрекет еткен полицейлер, Надежда Лебедованың ҚР азаматтығын растау туралы өтініш хатын қабылдады. БІр ай ішінде тұрғынның жеке куәлігі даяр болды. Осылайша әжейге жеке куәлігін алып беру үшін тәртіп сақшылары барлық қажетті шараларды жүргізіп, көмек қолын созды. Дайын құжатты ақжаулықты ананың шаңырағына барып, арнайы табыстады. Жаңа құжат алған қария өзінің мәселесіне бей-жай қарамай, көмек берген полицейлерге алғысын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру