Түркістан облысының полицейлерімен бір айда екі снаряд пен 30 қару алынды
Түркістан облысының полицейлерімен бір айда екі снаряд пен 30 қару алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл туралы брифингте Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков айтты. Брифингтің тақырыбы: «Қару айналымына бақылауды күшейту бойынша жүргізілетін жұмыс туралы».
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес, республика көлемінде заңсыз айналымдағы қару-жарақ құралдарын алу, оларды қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ азаматтық және қызметтік қару айналымына тиімді мемлекеттік бақылау жасау мақсатында криминалдық, әкімшілік полиция, көші-қон және жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің күштерімен шаруа және фермер қожалықтарын тексере отырып, «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы ерекше өкімге дейін өткізілуде.
– Іс-шара басталғалы жалпы екі снаряд, 30 қару, 50 ойық ұңғылы қарудың патроны алынды. Оның ішінде қолдан жасалынған шолақ ойық ұңғылы бір қару, ойық ұңғылы бір қару, травматикалық үш қару, шолақ мылтық 5 қару және тегіс ұңғылы 20 қару тәркіленіп алынды. Әкімшілік полиция қызметкерлерімен қару иелері тексеріліп, тұрғындардың оның сақтау тәртібін дұрыс жасап жүргендігі тексеріліп отырады. Қандай да бір кемшілік анықталса, тиісті жауапкершілікке тартылады. Осы орайда облыс тұрғындарына ескертемін, қаруыңыз болса, ол міндетті түрде заңға сәйкес сақталуы қажет. Және қолдарыңызда еш жерде тіркелмеген қару түрі болса, бізге өткізіп, сыйақыға ие болсаңыз болады, – деп атап өтті Тастанбеков.
Бүгінде әрбір азамат ішкі істер министрлігіне қатысты қандай да бір көкейтесті мәселесі, ұсыныс-пікірі, сауалы болса, тікелей қоюына, жолдауына ықпал ету мақсатында барынша жағдай жасалуда.