Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облыстық ПД-да алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды

Түркістан облысының бас полицейі қала, ауданның полиция басшыларын жинап, атқарылған жұмыстарын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының полиция департаментінде өңірдің бас полицейі Мұрат Қабденовтің төрағалығымен кеңейтілген отырыс өтті. Жиында 2023 жылғы жедел қызметтік жұмыстың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды.

Кеңеске департамент пен аппарат басқарма бөлімдердің басшылығы, сондай-ақ қалалық және аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінің бастықтары қатысты. Кеңес барысында облыстың бас полицейі ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ішкі істер органдарының алдына қойған негізгі басымдықтарын, сондай-ақ ішкі істер министрі Е.Саденовтің алқа отырысында айтқан талаптары мен тапсырмаларын жеке құрамға жеткізді.

– Астана қаласында өткен алқа отырысында Мемлекет басшысы: “Полиция – қашанда халыққа үлгі – өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді. Ал қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген полицейлерді ескерусіз қалдырмау керек” – деп айтты. Сондықтан әрбір істе ұсақ-түйекке мән беріп, қылмыс пен құқық бұзушылықтарды болдырмауды, орын алған істер бойынша жедел іс-шараларды мұқият жүргізіп, қауіпсіздікті толыққанды қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді департамент бастығы.

Кеңес барысында полиция департаменті бастығы орынбасарларының жедел және тергеу бөлімшелері, жергілікті полиция қызметі, әкімшілік полиция, кадр саласы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы есептік баяндамалары, сондай-ақ полиция бөлімшелерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету жағдайы тыңдалды. Өткен жылы облыс аумағында барлығы 5074 құқық бұзушылық тіркелген, ал қылмыс саны 11%-ға азайды. Өзекті болып отырған мал ұрлығының, алаяқтықтың, тонаудың ауыр және аса ауыр түрлерінің ашылуы жақсарды.

Мәселен, өткен жылдың 12 айында полиция мал ұрлығымен айналысқан 27 қылмыстық топтың қызметін тоқтатты және олардың осы қылмыстың 90 фактісіне қатысы бар екендігін дәлелдеді. Тұрғындардың ұрланған 600-ден астам малы қайтарылды. Заңсыз айналымнан 13 қару алынса, есепте тұрған 9 адам жауапқа тартылды және 8 жеңгетайлық фактісі анықталды. Тергеу және анықтау саласы бойынша сотқа 3890 қылмыстық іс жолданды.

Кеңес соңында облыстың бас полицейі М. Қабденов қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігіне бақылауды күшейту, есірткі қылмысы мен интернет-алаяқтыққа қарсы күрес, құқық бұзушылықтардың алдын алу, оның ішінде облыста жарияланған профилактика жылы аясында “қолжетімді полиция” қағидатын қамтамасыз ету және жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру