Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан полицейлері жолда қалып қойған 130 көлік жүргізушісіне көмектесті

Түркістан полицейлері жолда қалып қойған 130 көліктің жолаушылары мен жүргізушілеріне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

14 ақпаннан бастап Түркістан облысында қалың қар жауып, ақ түтек боран соғуда. Күндіз-түні жауған қар көліктердің жүруіне кедергі келтіріп, жолдар мұзға айналуда.

Ауыр жүк көліктері мен жеңіл көліктер жол жиегіне шығып кетіп, қар құрсауынан қозғала алмай тұр. Түлкібас ауданы аумағындағы маңызы бар Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолы жабылып, салдарынан жүргізушілер мен жолаушылар жолда қалуда.

Түркістан облысы Түлкібас ауданының полицейлері азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 100% жолға жұмылдырылды.

14 ақпаннан бастап күндіз-түні кірпік қақпастан күшейтілген режимде жұмысқа кіріскен полицейлер барынша тұрғындарға сақ болулары мен үйден шықпауларын ескертуде. Оқиға орнынан хабарламалар таратып, тұрғындарды сақтандыруда.

Мәселен, ақпан айының 14 таңғы уақыттан бастап келесі күннің таңғы 7:30-на дейін полицейлер жолдарды тоқтаусыз патрульдеп, облыс аумағында жолда қалған 130 автокөлік (50 жүк көлігі, 65 жеңіл көлік пен бес автобус) жүргізушілері мен жолаушыларын жақын маңдағы қонақ үйлерге және мешіттерге орналастырып шықты.

Республикалық маңызы бар жол болғандықтан полицейлердің қызметіне куә болған шетелдік жүк көліктерінің жүргізушілері де тәртіп сақшыларының көмектесіп, жедел әрекет еткеніне ризашылықтарын жеткізді.

– Ассалаумағалейкум құрметті қауым. Мен Өзбекстан Республикасының азаматымын. Түлкібас ауданындамыз, жолдар тайғақ болуына сәйкес полицейлер тоқтатып, қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп, қонақ үйлерге орналастырып жатыр. Көлікпен қозғалу мүмкін емес. Полиция қызметкерлеріне рақмет айтамын, – деп көлік жүргізушісі алғысын айтты.

Бұдан бөлек, бірнеше азаматтар полицияның атқарып жатқан жұмысына көңілі толатындарын және жедел әрекетіне алғыс айтатындарын жеткізді.

Облыс полицейлері тайғақтың кесірінен жол жиегіне шығып кеткен көліктердің доңғалағына құм сеуіп, қардан тазалап, қауіпсіз аймаққа өтулеріне жәрдем беруде.

– Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аса қажеттілік болмаса ауа райы құбылған сәтте ұзақ жолға шықпау керек. Ал жол жүруге мәжбүр болған уақытта міндетті түрде көліктің маусымға сай жабдықталып, қажеттіліктермен қамтамасыз етілгені жөн, – деп ескертті полицей.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру