Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістанда ұры әйелдер ұсталды

Түркістан облысының полицейлері дүкен мен емханадан киім ұрлаған әйелдерді “ізін суытпай” ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан ҚПБ кезекші бөліміне жергілікті емханалардың бірінде жұмыс істейтін тұрғын арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, оның гардеробқа іліп қойған сырт киімін белгісіз тұлға жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 100 000 теңгеге жуық. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.

Полицейлер жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде небары бір  сағат ішінде күдікті әйел ұсталды. Өз кінәсін мойындаған күдікті жергілікті тұрғын болып шықты.

Ұрланған зат күдіктінің үйінен табылып, айғақ зат ретінде тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.

Бөтеннің мүлкін ұрлаудың тағы бір фактісі Қазығұрт ауданында да орын алды. Нақтырақ айтсақ, аудандық полиция бөліміне киім-кешек сатумен айналысатын дүкен иесінен арыз келіп түсті. Ер адамның айтуынша, олардың дүкендерінен белгісіз екі әйел жаңа киімдерді ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 20 мың теңгеге жуық.

Полиция қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 2-3 сағат ішінде күдікті екі әйелдің жеке басы анықталып, олар тұрғылықты мекенжайларынан ұсталды.

Тергеу барысында олардың бір үйдің келіндері екені анықталды. Екеуі қажетті киімдерін таңдап алып болған соң, кассада адам көптігін пайдаланып, ақша төлеместен жай ғана шығып кеткен.

Бұл факт бойынша да ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру