Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық полицей көпірден секірмек болған келіншекті құтқарып қалды

Түркістандық полицей көпірден секірмек болған келіншекті құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл оқиға жаз мезгілінде болған. Түркістан қалалық Полиция басқармасына 102 телефоны арқылы жергілікті тұрғын хабарласып, полицейлерден көмек сұрады. Яғни, әйел өзінің 22 жастағы сіңлісінің орталықтағы автокөлік жүретін көпірден секірейін деп жатқанын және тез арада оны құтқаруға жәрдем етулерін өтінді.

Қоңырау бойынша бірінші болып бағыт алған жедел уәкіл Ерсұлтан Қуаныш әріптесімен бірге оқиға орнына жетеді. Ойланбастан көпірге жүгіріп шығып, биіктен секірмекші болып, аяғын іліп тұрған жас келіншекті тартып алады.

Өмірден түңіліп, суицид жасауға бекінген келіншек өз-өзін тастауға қайта ұмтылғанымен, полицей Ерсұлтан оның өмірмен қоштасуына жол бермеді. Қапсыра құшақтап алып, қауіпсіз жерге қарай түсіре бастады.

Тәртіп сақшысы суицид жасамақшы болған тұрғынды әңгімемен алдаусыратып, әпкесі келгенше қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Ерсұлтан әпкесі мен сіңлісін аман-есен табыстырған кейін оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін полиция бөліміне жеткізді.

Белгілі болғандай, тұрмысқа шыққанына небары бірнеше ай болған келіншек жұбайымен ұрысып қалған, сол себепті суицид жасауға шешім қабылдаған. Содан соң әпкесіне қоңырау шалып, көпір үстінде тұрғанын жеткізген. Ал өз кезегінде келіншектің әпкесі сіңлісі айтқан жерге санаулы минут ішінде жете алмайтынын түсініп, бірден 102 арқылы полицейлерден көмек сұраған.

– Түнгі сағат 23:00 шамасында сіңлім телефоныма хабарласып, өмірден түңілгенін айтты. “Қайдасың, олай жасама” деп оның тұрған жерін біліп алдым. Содан 102-ге хабарласып, полицейлерден көмек сұрадым. Өзім де жүгіріп, оқиға орнына жеттім. Сөйтсем, осы бірнеше минут аралығында полицейлер жедел келіп, мен келем дегенше, сіңлімді құтқарып алыпты. Үлкен рақмет айтамын полицейлерге, оның ішінде Ерсұлтан Қуанышқа. Және ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаевқа осындай полицейлердің қызмет атқарып жүргені үшін мың алғыс айтамын, – деп атап өтті келіншектің әпкесі Эльмира Дадаханова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру