Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық полицейлер грэплинг сайысынан халықаралық турнирде алтын медаль иеленді

Түркістандық полицейлер грэплинг сайысынан халықаралық турнирде алтын медаль иеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz

Қазақстан бойынша алғаш рет Түркі тілдес халықтарының арасында грэпплинг сайысынан халықаралық турнир Түркістан қаласында ұйымдастырылды. Түркі халықтарының рухани астанасына айналған киелі шаһарда өткен сайыста Түркістан облысы Полиция департаменті оқу-жаттығу взводының инспекторлары да өз бақтарын сынады.

Аталған турнирге түркістандық сақшылардан іріктеліп алынған, тәжірибелі күресшілер қатысты. Түркі тілдес жеті мемлекеттен 300-ден астам спортшы сынға түскен байрақты бәсекеде полицейлер жеңіс тұғырынан көрініп, екі бірдей алтын медаль иеленді. Атап айтсақ, 83 келі салмақта сайысқа түскен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жәнібек Айдарбек пен 91 келі салмақта белдескен Жолдасбек Ануаров бір-бір алтынды қанжығасына байлады.

Бұдан бөлек қандай сайыс болса да, өзінің әмбебаптығын танытып жүрген Жәнібек Айдарбек Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында әмбебап жекпе-жек спорт түрінен өткен Әлем чемпионатының да күміс жүлдегері атанған болатын. Әлемнің 40-тан астам елінен 700-ге тарта жекпе-жек шеберлері қатысқан бәсекеде топ жарған полиция қызметкері елге жүлдемен оралған соң оған Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы беріліп, Түркістан облысы әкімінің арнайы алғыс хаты табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру