Түркістандық полицейлер кісі өлтіру дерегін ашты
Түркістан облысының полицейлері із-түссіз жоғалған әйелді өлтіруге қатысы бар деген күдікпен екі азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал АПБ криминалдық полиция қызметкерлері бұрын хабар-ошарсыз кеткен жас әйелдің өлімін ашты. Күдікті ретінде төлем терминалдарынан ақша ұрлауға қатысы бар екі жергілікті тұрғын ұсталды. Тергеу барысында жастар пайдакүнемдік мақсатта ауыр қылмыс жасағанын мойындады.
Биылғы жылдың қыркүйек айының басында Мақтаарал АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын сіңлісінің жұмыстан кейін үйіне оралмай, хабар-ошарсыз жоғалып кеткені туралы арызданған.
Тексеру барысында полицейлер жоғалған әйелдің ер баласы бар екенін, дүкенде сатушы болып жұмыс істегенін және жоғалар алдында отбасында ешқандай кикілжің болмағанын анықтады.
Полиция қызметкерлері дереу жоғалған әйелді іздестіру жұмыстарын бастады. Алайда қарқынды жұмыстар оң нәтиже бермеген.
Арада үш апта өткенде полиция жергілікті каналдардың бірінде белгісіз әйелдің қаңқаға айналған мәйіті мен киімдерін тапты.
Алғашқыда алдын-ала тексеру кезінде жабайы аңдардан зардап шеккен мәйітті және өлімнің себебін анықтау мүмкін болмады.
Жәбірленушінің жеке басын анықтау үшін криминалистер мен жедел уәкілдер күні-түні жұмыс істеді.
Полицейлер мәйіттің бұзылмаған бөлігін тауып, айғақ ретінде сараптамаға жолдады. Сараптама қорытындысына және туыстарының киім-кешегін тануына байланысты жедел уәкілдер мәйіттің хабар-ошарсыз жоғалған Мақтаарал ауданының тұрғыны екенін анықтады.
Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 99-бабы (Кісі өлтіру) болып қайта дәрежеленді.
Ауыр қылмысты ашу үшін құрылған жедел-тергеу тобының мамандары көп ұзатпай, осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен төлем терминалдарынан ақша ұрлауға қатысы бар екі жергілікті тұрғынды ұстады.
Тергеу кезінде күдіктілердің пайдакүнемдік мақсатта ауыр қылмыс жасағаны анықталды. Олар жас әйелге шабуыл жасап, тұншықтырып, содан кейін оған пышақ жарақатын салған. Содан соң күдіктілер 300 мың теңгені жымқырып, қылмыс орнынан қашып кеткен. Олар ұрланған ақшаның бір бөлігін өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген.
Қазіргі таңда аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Заттай айғақтар ретінде жәбірленушінің заттары, ұрланған мүліктің бір бөлігі және күдіктілердің автокөлігі алынды. Сот шешімімен күдіктілер екі ай мерзімге қамауға алынды.