Түркістандық полицейлер мал ұрлықтарының санын азайту бойынша тиімді шаралар қабылдауда
Түркістан облысында мал ұрлығы азайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің жүйелі жұмыстарының нәтижесінде биыл Түркістан облысында мал ұрлығы едәуір төмендеді.
2020 жылдың 9 айында Түркістан облысында 214 мал ұрлығы тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 256 дерекке азайған.
Сонымен қатар жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 18 қылмыстық топ қолға түсті.
Мал ұрлығына қатысы бар 58 тұлға ұсталып, олардың мал ұрлығының 113 дерегіне қатыстылығы анықталды.
Мәселен, жыл басынан бері облыс полицейлері ірі көлемде мал ұрлығын жасаған жергілікті тұрғынды ұстады.
Ол 82 бас малды ұрлап, сатып, Нұр-Сұлтан қаласында қыдырып жүрген жерінен құрықталды.
Бұдан басқа облыстың бірнеше ауданынан құны 70 миллион теңге тұратын 150-ден астам жылқы ұрлаған қылмыстық топ ұсталып, тәркіленген мал өз иелеріне қайтарылды.
Биыл 130 бас мал жайылымнан ұрланса, 84 бас мал қорадан ұрланған. Құжатсыз мал тасымалдайтын көліктерде мал ұрлығы қылмысының орын алуына себепкер болып жатады.
Сондықтан облыс полицейлері қылмыстардың алдын алу бойынша рейдтер кезінде мал тасымалдайтын жүк көліктері мен автокөліктерді, мал сойып, ет өңдейтін орындарды жіті тексереді.
Биыл облыс көлемінде ұрланған малдардың 484 табылып, заңды иелеріне қайтарылды.