Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық полицейлер тұрғынның сарайына ұрлыққа түскен екеуді құрықтады

Түркістандық полицейлер тұрғынның сарайына ұрлыққа түскен екеуді құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтаарал ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғандығы жөнінде арызданып келген. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, түнгі уақытта ауласында орналасқан сарай ішіне белгісіз азамат кіріп, дәнекерлеу құрылғысын, екі темір кескіш құралын, электр бұрғысын және құрал-саймандар салуға арналған сөмкесін жымқырып кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 150 000 теңгеге жуық.

Хабар алысымен аталған қылмысты ашу мақсатында тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жан-жақты жинақталған мәліметтерді саралай келе, аталған іске күдікті ретінде екі ер азаматты ұстады. Олар жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай бір-біріне дос болып келетін екі күдікті оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осылайша, алдын-ала сөз байласып, жәбірленушінің үйіне ұрлыққа түскен. Қолды болған заттарды Жетісай қаласының тұрғынына сатып, ақшасын өзара бөліскен.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Күдікті екеу қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру