Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық тұрғын алғыс білдірді

Түркістан облысының тұрғыны қызылордалық тәртіп сақшыларына алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz. 

Түркістан облысының тұрғыны Айтжан Олжас әлеуметтік желілер арқылы патрульдік полиция ротасының қызметкерлеріне жолда көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

24 қарашада «Шымкент-Самара» тас жолының 1 272 шақырымында ұялы байланыс ұстамайтын далалық жерде Түркістан облысы тұрғынының автокөлігінің қозғалтқыш бөлігі бұзылып, жолда қалып қойған. Бірнеше сағат ішінде өтіп жатқан көліктердің ешқайсысы көмек көрсетуге тоқтамаған.

Сол аймақта қызмет атқарған Қызылорда облысы ПД патрульдік полиция ротасының инспекторлары Төлеген Әбдіжаппарұлы мен Бауыржан Әбілтаев жол жиегінде «Ваз 2107» маркалы автокөліктің бұзылып тұрғанын байқап, тоқтаған.

Полицейлер автокөлікті сервистік қызмет көрсететін жол бойындағы кешенге жеткізіп, көлікті жөндеуге көмек көрсеткен. Көлігі жөнделген жүргізуші өз жолын әрі қарай жалғастырған.

Патрульдік полиция қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген режимде қызмет атқарып, қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге әрдайым қажетті көмек көрсетуге дайын.

Ауа-райының тұрақсыздығына байланысты Қызылорда облысының Полиция департаменті жүргізушілерге сақтық шараларын қабылдауды ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру