Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық жігіт арзан көлік аламын деп, алаяққа алданды

Түркістан облысында арзан көлік алмақ болған жігіт, алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, танысына сеніп ақша беріп, соңында сан соғып қалғанын хабарлайды. Жігіттің айтуынша, оның көлік алып-сатумен айналысатын танысы Алматы қаласындағы ломбардтардың бірінен арзан бағада «Hyundai Elantra» маркалы автокөлігін 3,5 миллион теңгеге алып беремін деп, әбден сеніміне кірген. Содан тұрғын екі миллион теңгені қолма-қол, қалғанын банктердің мобильді қосымшалары арқылы берген. Бес айға жуық көлігін күткен тұрғын, ақыр соңында ақшасын да ала алмай қалған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.

Хабар алысымен келестік полицейлер жәбірленушінің жауабына сәйкес күдіктінің жеке-басын анықтау, оны ұстау шараларын шұғыл жүргізді. Үш күн бойы үзіліссіз қажетті іс-шараларды атқарып, нәтижесінде күдіктіні Шымкент қаласынан ұстады. Ол мегаполистің тұрғыны болып шықты. Белгілі болғандай алаяқ ер адам, тұрғыннан алдап алған ақшаны өзінің бас пайдасы үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары Келес АПБ-мен жүргізілуде. Күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға сенім білдірмеуге кеңес береді. Мал-мүлік, тауар үшін алдын ала төлем жасамаңыздар. Алаяқтардың арбауына ермеңіздер. Егер, осындай алаяқтық қылмысының құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру