Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркия азаматы Қазақстан полициясына алғыс айтты

Түркия азаматы Қазақстан полициясына көрсеткен көмегі үшін алғыс алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкентте жолда адасып қалған ауыр жүк көлігінің жүргізушісіне полиглот полицей көмектесті. Тәртіп сақшысы Нұрдаулет Елгелдиев қаланың қарбалас көшелерінің бірінің бойында тұрған фураны байқап, жүргізушіден мән-жайды анықтайды. Ер адам Өзбекстанға апаратын жолды таба алмағанын жеткізген. Патрульдік инспекторлар жүк көлігін қала шекарасына дейін шығарып салып, әрі қарай жүру маршрутын түсіндірді.

– Шымкент қаласының полицейлеріне үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Рақмет, достар! Мен қала ішінде адасып кеткен едім, полиция қызметкерлері маған көмектесті, жол көрсетіп, шығарып салды, – дейді шетелдік ҚР ІІМ инстаграм парақшасына жолдаған бейнежазбасында.

Полиция қатарында 8 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Нұрдаулет Елгелдиев қазақ және орыс тілдерінен бөлек түрік, ағылшын, өзбек және қырғыз тілдерін жетік меңгерген.

– Мектеп кезінен бастап маған әртүрлі тілде сөйлеу ұнайтын. Бұл тілдерді үйрену маған қиынға соқпады. Түркияда 4 жарым жыл оқыдым. Елге оралып, заңгер мамандығына түстім, – дейді тәртіп сақшысы.

Нұрдәулеттің айтуынша, тілдерді білудің арқасында ол шетелдіктерге бірнеше рет көмек көрсете алған, сондай-ақ білімін күнделікті өмірде де белсенді қолданады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру