Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Туысының үйіне ұрлыққа түскен ер адам ұсталды

Түркістан облысының полицейлері туысының үйіне ұрлыққа түскен күдіктіні “ізін суытпай” ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Арыс АПБ-не жергілікті азаматша арызданды. Онда қораптағы кафель төсемелері мен ас үй пышақтарын ұрлап кеткенін көрсеткен. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 20 мың теңгені құрайды. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобының қызметкерлері жақын маңдағы аумақтарды мұқият аралап, куәгерлерден жауаптар алды, сондай-ақ күдікті адамдарды іздестіру бойынша басқа да қажетті іс-шараларды жүзеге асырды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Арыс АПБ полицейлері бір тәулік ішінде күдіктіні “ізін суытпай” ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Анықталғандай, ұсталған азамат бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған жәбірленушінің туыс ағасы болып шықты. Күдікті ұрлап алған мүліктерді сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсамақ болғанын мойындады. Заттай айғақ ретінде тәркіленген ұрланған заттарды полицейлер заңды иесіне қайтарып берді.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Тергеу тобы күдіктінің басқа қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және өз үйі мен мүлкін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Мүмкіндігінше терезелерге темір торларды, ал кіреберіс есіктерге сенімді құлыптарды орнату керектігін ескертеді. Егер сіз қылмыстың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға хабар беріңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру