Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік полиция инспекторына пара бермек болған Ақмола тұрғыны жауапқа тартылады

Қызметтік міндеттерін атқару кезінде учаскелік полиция инспекторына пара беруге тырысқан Ақмола тұрғынына қылмыстық жауапкершілік жүктеледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысы Целиноград ауданында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасамау үшін полицейге пара беру әрекетіне тосқауыл қойылды. Оқиға 22 қазанда Қабанбай батыр-Оразақ автожолында болған. Осы әкімшілік учаскеге қызмет көрсететін учаскелік полиция инспекторы Ернар Жұмабеков кешкі уақытта Жаңғызқұдық ауылының 45 жастағы тұрғын басқарған ГАЗ-3307 жүк көлігін тоқтатты.

Ведомстволық деректер базасы бойынша құжаттарды тексеру кезінде полицей көлік құралының жүргізушісінің тиісті “С” санаты жоқ екенін анықтады, бұл ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкеп соғады. Хаттама жасау кезінде қызметтік автокөлікте бола тұра тәртіп бұзушы полиция қызметкеріне жауапкершілікке тартылмау үшін 30 мың теңге көлемінде пара ұсынған. Алайда Ернар Жұмабеков қызметтік борышын атқара отырып, принципті азаматтық ұстаным танытып, сыбайлас жемқорлық қылмысы туралы полицияның кезекші бөліміне және өзінің тікелей басшылығына хабарлап, қаражаттан бас тартты.

Осы фактіге сәйкес ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігі (Пара беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.

26 қазанда өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, берік азаматтық ұстанымы үшін Ернар Жұмабеков “Қазақстан полициясына 30 жыл” мерейтойлық медалімен марапатталды. Марапатты Полиция департаментінің бастығы Думан Таев жеке тапсырды.

Айта кету керек, полициядағы 6 жыл ішінде Ернар өзінің ең жақсы кәсіби және адами қасиеттерін алғаш рет көрсетіп отырған жоқ: 2020 жылдың қысында қатты боранда, трассада, полиция аға лейтенанты Е.Жұмабеков нөлдік көріну жағдайында қозғалыс бағытын көрсете отырып, автокөліктер бағанасын жаяу ертіп жүріп отырған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру