Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік полиция инспекторының жұмысы – қоғам назарында 

Ақтөбелік учаскелік полиция инспекторы Мемлекет басшысына алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында учаскелік инспекторлардың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік жасау және олардың азаматтарға қолжетімді және беделді болуы керек екеніне ерекше тоқталды. Жұмысын ашық жүргізіп, халықтың сеніміне ие болу әрбір учаскелік полиция инспекторының мақсатына айналғанда ғана жұмыс нәтижесі артып, “халыққа жақын полиция” қағидаты қоғамда көрініс табары анық.

“Халыққа жақын полиция” қағидатын өзіне мақсат тұтқан қызметкерлердің бірі – Ақтөбе облысының учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Нариман Ульянов. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде мыңдаған учаскелік полиция инспекторының атынан ел басшылығына учаскелік инспекторлардың жұмысына көңіл бөлгені үшін алғыс айтты. Сонымен бірге азаматтар мен мемлекет алға қойып отырған жаңа міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсайтындығына сендірді.

Полиция капитаны Нариман Ульянов Ақтөбе облысының Талдысай және Бұлақ ауылдық округтерінде қызмет көрсетеді. Оның учаскесінде тұрғындар саны екі мыңнан асады. Нариман ауылдарды күн сайын аралайды. Тұрғындардың бәрі де оны таниды, шаруалары болса, бірден хабарласады.

– Бүгінде учаскелік инспекторлар үшін оңтайлы жағдайлар жасалған, полиция пункті жабдықталған, автокөлік, бейнежетондар және электрондық планшеттер бар.  Өткен жылдан бастап тұрғын үй төлемдерін аламыз. Бұл тұрғын үй мәселелерін шешуге көмектеседі. Мен отбасыммен бірге әкімшілік учаскеде тұрамын. Қызмет үшін бұл өте ыңғайлы, – дейді полиция капитаны.

Учаскелік пункттердің оларға арналған тұрғын үйлермен жапсарлас салынуы оң нәтиже беруде. Учаскелік инспекторлардың тұрғындармен байланысы үзілмейді. Қажет кезде, әсіресе, түнде учаскелік полиция инспекторларын тұрғындар оңай таба алады. Бұл да халықтың арыз-шағымына дер кезінде көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

– Бұл жыл оңай болған жоқ. Төтенше жағдай режимінде тәулік бойы жұмыс істеуге тура келді. Қазір карантин жағдайында жұмыс істеп жатырмыз. Санитарлық дәрігерлермен бірлесіп рейдтер жүргіземіз. Сондай-ақ азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігін түсіндіруге көмектесуге еріктілер қатысады. Олар қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көмектеседі, – деді Нариман Қазжанұлы.

Биыл жүйелі де табанды жұмысының нәтижесінде оның учаскесінде қылмыстар саны 30 пайызға кеміген.

Ол құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында есептегі контингентті үнемі тексеріп отырады. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарға бейім отбасыларды жүйелі бақылайды, олармен телефон арқылы хабарласып, кәмелетке толмаған балаларының жай-күйін тексереді.

Азаматтардың сенімі – олардың жұмыс сапасына тікелей байланысты, өйткені учаскелік инспектор халық пен полиция арасындағы негізгі байланыстырушы буын болып саналады.

Сондықтан да бүгінде полицияның учаскелік инспекторларының мәртебесін көтеру, олардың жұмыстарын оңтайландыру қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша полиция жұмысын жақсарта түседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру