Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұландықтар “Наурыз балы - 2026” байқауының жеңімпазы атанды

Ұландықтар “Наурыз балы - 2026” байқауының жеңімпазы атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Теміртау қаласында Ұлыстың ұлы күніне орай жастар арасында тұңғыш рет "Наурыз балы — 2026" атты көркемдік-шығармашылық шара ұйымдастырылды. Аталған кешке қала белсенділері, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, сондай-ақ әскери бөлім сарбаздарынан құралған барлығы 50 жұп қатысты.

Салтанатты шара Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтың құттықтау сөзімен ашылды. Сонымен қатар 5516 әскери бөлімінің командирі Данияр Өсербаев құрметті қонақ ретінде шақырылды. Жұптық би сайысына республикалық байқаулардың лауреаттары мен өнер қайраткерлері әділ-қазылық етті. Қатысушылар бір ай бойы кәсіби хореографтардан дәріс алып, байқауға тыңғылықты дайындалды.

Байқау күні салтанатты зал ерекше сән-салтанатқа бөленді. Әсем әуен мен вальс ырғағы, ұлттық нақыштағы көріністер, сәнді киінген жастар кештің ажарын аша түсті. Елу жұп өздерінің би шеберлігі мен үйлесімділігін паш етіп, көрермендерге нәзіктік пен сұлулыққа толы әсер сыйлады. Әсіресе сарбаздардың сымбаттылығы, тәртіптілігі мен азаматтық рухы көпшіліктің назарын аударды.

Байқаудың бас жүлдесі әділ-қазылар алқасының шешімімен 5516 әскери бөлімінің сарбазы, қатардағы жауынгер Ерасыл Асқар мен оның жұбы Мерей Толыбайға табысталды. Олар "Наурыз балы — 2026" байқауының ханзадасы мен ханшайымы атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұландық әскери қызметшілер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, қаланың мәдени өміріне де белсенді үлес қосып жүргенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру