Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі Бүкіләлемдік фольклорлық фестивальде көрермендерін таңқалдыруда

Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі Бүкіләлемдік фольклорлық фестивальде
көрермендерін таңқалдыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

​Осы күндері Башқұртстанда VI Бүкіләлемдік фольклорлық фестиваль өту үстінде. Дүниежүзінің 37 мемлекеті өз дәстүрі мен мәдениетін паш етіп жатқан өнер бәйгесінде Қазақстан намысын Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің ұжымы қорғауда.

​Мәдени олимпиадаға баланатын дәстүрлі өнер додасы башқұрт елінде былтыр өту керек болатын. Алайда ауыр эпидемиологиялық жағдайға байланысты фестиваль кейінге шегерілген еді. Ендігі кезекте ұйымдастырушылар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өнер бәйгесінің өтуіне қолайлы жағдай жасады.

​Фестивальдің ашылуы ел астанасы – Уфа қаласындағы “Уфа-Арена” алаңында өтті. Алдымен әр ел делегациясы қызыл жолмен жүріп өтіп, кейін басты аренада 800-ге тарта әртістің қатысуымен, оның ішінде Башқұртстанның алдыңғы қатарлы ұжымдарының бишілері қатысқан театрландырылған қойылым көрсетілді. Әсерлі шоу башқұрт халқының “Орал Батыр” эпосы желісімен жасалынды. Қойылым барысында ірі декорациялар, 3D-сценография, арнайы эффектілер қолданылды. Сондай-ақ башқұрт халқының әйгілі “Жеті қыз” биі, дәстүрлі ойындары мен әдет-ғұрыптары паш етілді.

Фестивальдің ашылу салтанатына құрметті қонақтар мен барлық өнер ұжымдарының құрамы қатысты. Жиналған қауым алдында Башқұртстанның Президенті Радий Хабиров пен Халықаралық фольклорлық фестивальдер мен дәстүрлі өнерлер ұйымдары кеңесінің (CIOFF) президенті Филипп Боссан сөз сөйлеп, өнер бәйгесінің ашылуымен құттықтады.

Қазақстан атынан өнер көрсетіп жатқан Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі еліміздің күш құрылымдары арасындағы алдыңғы қатарлы өнер ұжымдарының бірі болып саналады. Фестивальге шақыртуды музыканттар былтырғы жылы алыпты.

​- Дәстүрлі өнер бәйгесіне біз тыңғылықты дайындық жүргіздік. Өйткені, біз тек Ұлттық ұлан ғана емес, барша қазақ елі атынан төл дәстүріміз бен мәдениетімізді әлемге көрсетеміз. Негізгі мақсатымыз – дүниежүзі халықтары ұсынатын қойылымдар арасында өзіміздің фольклорлық өнерімізді жария етіп, жергілікті халық пен қатысушыларды тәнті ету. Көрермендер үшін Ұлы Даланың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін тек ұлттық нақыштағы туындыларды алып келдік. Фестивальге аралас құраммен қатысудамыз. Делегацияның негізін бишілер тобы құрайды. Сонымен қатар фольклорлық топ, ерлер хоры және жеке солистер де бар. Бишілер қоятын барлық туындылар ұлттық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен өтеді. Ал дәстүрлі әндерді Ғайни Жұмашева мен Сәкен Әлімханов орындайды, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Дархан Рахымғалиев.


​Башқұрт жеріндегі алғашқы күннен-ақ жергілікті халық қазақстандық ұжымды құшақ жая қарсы алды. Музыканттар Уфа қаласы бойынша саяхат жасап, тарихи-мәдени орындарда болып, фольклорлық фестивальдің салтанатты шеруіне қатысты. Парад кезінде жергілікті тұрғындар
“Қазақстан, бауырлар”, “Қош келдіңдер” деген айқаймен ерекше ықылас білдірді. Шеру барысында ансамбль музыканттары көрермендерге ұлттық билерді паш етіп, домбырамен ән айтып, күй тартты. Шерудің шарықтау шегі ретінде ұлттық киімдерде Ресейдегі ең ірі дөңгеленіп би бойынша рекордтың орнатылуы болды. Бір мезгілде әлемнің 57 елінен 2700 адам аталмыш шараға қатысты. Сонымен қатар екінші рекорд аталған айналма биде 71 ұлт өкілінің қатысуы арқылы орнатылды.

Ұлттық ұлан Ән-би ансамблі қатысушылардың арасында фестивальдің ең басты сахнасы – уфалық амфитеатр алаңында өнер көрсетуге алғашқылардың бірі болып мүмкіндік алды. Қазақстандықтармен бірге кешті Болгария, Испания және Колумбия елдерінің ұжымдары ашты.
​Қазақ ансамблінің ұлттық нақыштағы өнері кешке жиналғандардың бірде-біреуін бей-жай қалдырмады. Көрермендер ансамбль өнерпаздарының әр қойылымына қуана қол соқты. Сахнада қазақ халқының авторларымен қатар ансамбль музыканттарының төл туындылары да шырқалды.

– Барлық дайындалған нөмірлердің қатарында “Гәккудің” орны бөлек. Бұл ұлтымыздың көнеден келе жатқан көпке танымал әні. Біз бұл шығармаға ерекше рең беріп, аспаптармен орындалатын туындыға айналдырдық. Сонымен қоса оған мың бұралған бишілердің биін қостық. Осы сияқты басқа да дәстүрлі әндерді біз осы заманға сай бейімдедік. Көрермендер қазақ халқының белгілі “Тұрмағамбеттің термесі”, “Домбыра толғау”, “Самғау” және өзге де туындыларын заманауи нақышпен тамашалады. Көне туындыларға аранжировка жасау – біздің басты қырларымыздың брі, – дейді Дархан Рахымғалиев.


Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің ұжымы барлық туындыларды домбыра, қобыз, сыбызғы, жетіген және өзге де аспаптармен ойнады. Айтқандай-ақ, ұқсас аспаптар башқұрт халқында да бар екен. Музыканттар мұны фестиваль аясында емін-еркін байқап, танысты.

– Тарихымызды алатын болсақ, екі халықта бауырлас аспаптар жетерлік, өйткені қазақтар мен башқұрттар түрік халықтары болып табылады. Біз ұлттық аспаптарды бас-гитара, ритм-гитара, барабан секілді аспаптармен әрлендіріп, жоғарыда айтқандай, ерекше рең береміз. Оған саксафон, труба, тромбонды қоссақ, туындылар тіптен түрленіп шыға келеді. Мұның бәрін сонымен бірге ерлер хоры да қостап отырады. Бұл біздің жаңа стиліміз, – дейді ансамбль жетекшісі.


​Башқұрттарда тамақпен ән айту мен ұлттық “Қурай” аспабында ойнау жақсы дамыған. Қазақ халқында аталған аспап сыбызғы деп аталады. Осы екі өнерді көрермендер назарына Нұрлыбек Аманов пен Сандай Әлмішев ұсынды.

​Фестиваль аясында қазақстандық ұжым сондай-ақ өңірдің ауылдық жерлерінде де өнер көрсетіп, тұрғындарды өнерлерімен тәнті ете білді. Фестиваль шілденің 10 күні үлкен Гала-концертпен аяқталмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру