Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан қатарында 200-ге жуық өлең жазған жас ақын сарбаз қызмет етеді

Ұлттық ұлан қатарында 200-ге жуық өлең жазған жас ақын сарбаз қызмет етеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5574 әскери бөлімінде 19 жастағы жас ақын Серік Асхатұлы Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Талдықорған өңірінің тумасы әскери қызметпен қатар шығармашылығын да жалғастырып, осы уақытқа дейін өлеңдер жинағына 200-ге жуық туындысын топтастырған.

Серік бала кезінен әдебиетке жақын болған. Мектепті тәмамдаған соң журналистика мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түсіп, білім алған. Студенттік жылдары курстастарымен бірге "Шамшырақ" атты театрдың ашылуына да атсалысқан. Өнерге деген қызығушылығы оның шығармашылық жолына серпін беріп, әдеби ізденісін тереңдете түсті.

Жас ақынның шығармаларында философиялық толғаныстар, өмір, сезім және адам болмысына қатысты ойлар жиі көрініс табады. Алғашқы өлеңдерінің бір бөлігі махаббат тақырыбынан бастау алған. Оның айтуынша, өлең жазу үшін шабытты арнайы күтудің қажеті жоқ. Кейде көңілде жүрген ой, толғандырған мәселе немесе жауап іздеген сауалдың өзі ақ параққа өлең болып түсуіне себеп болады.

Серікке қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері Мұхтар Шаханов пен Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы ерекше ұнайды. Ақындардың туындыларындағы терең ой мен көркем сөз өрнегі оның шығармашылық ізденісіне ықпал еткен. Отбасында ақындық өнерді серік еткен жан болмаса да, ол әдебиетке деген ықыласын өз бетінше дамытып, қаламын ұштап келеді.

Бүгінде Серік Түркістан қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында патрульдік қызмет атқарады. Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын көне шаһардың тарихи орындары, бай мұрасы мен өзіндік атмосферасы жас ақынға шығармашылық шабыт сыйлайды. Әскери қызметке келгеннен бері оның өлеңдерінде отансүйгіштік тақырыбы да кеңінен қамтыла бастады. Бұрын көбіне сезім мен өмір жайлы толғанса, бүгінде туған жер, елге қызмет ету және Отан алдындағы борыш секілді тақырыптарды да жырға қосып жүр.

Осылайша, әскери қызмет жас ақынның шығармашылығына кедергі келтірмей, керісінше, жаңа тақырыптарға жол ашып, ой өрісін кеңейтуге ықпал етуде. Күнделікті әскери міндеттерін атқара жүріп, бос уақытында өлең жазып, шығармашылық қорын толықтыруды жалғастырып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру