Ұлттық ұлан сарбаздары Елордада ардагерлерге арнап парад ұйымдастырды
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты Тағзым эстафетасының негізгі атрибуты Петропавлдан Елордаға жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұр-Сұлтанда Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның Жауынгерлік туының көшірмесін табыстау салтанаты өтті.
Елдегі пандемиялық ахуалға байланысты 16 наурыз күні Петропавл қаласына жеткен эстафета тоқтатылып, Жауынгерлік ту көшірмесі Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінің музейіне уақытша табысталған болатын.
Эстафета аясында ұйымдастырушылар Нұр-Сұлтан қаласында тұратын ҰОС ардагерлері – Әбдірахман Сафаров пен Павел Сергеенконың үйіне барды.
Ұландықтар қарт майдангерлерге күтпеген тосынсый жасады.
Ардагерлер тұратын үйдің ауласында кішігірім парад өткізіліп, олар үшін Жауынгерлік ту көшірмесі әкелінді. Ал әскери оркестр өнерпаздары соғыс жылдарындағы әндерді орындады.
Әскери қызметшілер ардагерлерге Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықовтың атынан алғыс хаттар табыс етті.
28 панфиловшы бейнесіндегі парадтық топ жеңімпаздар үшін салтанатты маршын паш етті.
Аталмыш эстафета биылғы жылдың 5 ақпанында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Е.З.Тұрғымбаевтың шешімімен Ұлттық ұланда бастау алған болатын.
Аталған эстафетаға Полиция, Төтенше жағдайлар, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары, әскери бөлімдері мен бөліністері, ІІО мен ҰҰ ардагерлер ұйымы, сондай-ақ орта мектеп оқушылары мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, студент жастар, әскери бөлімдер орналасқан қалалардағы жергілікті қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Эстафета басталғалы панфиловшылар дивизиясы Жауынгерлік туының көшірмесі Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының 16 елдімекенінде болды.
Эстафета барысында кешенді іс-шаралар, атап айтсақ соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулер, ҰОС ардагерлері тұратын мекен-жайларда шағын парадтар, ерлік сабақтары, мұражайлық көрмелер өткізілді.
Ұлттық ұланның әскери-үрмелі оркестрі елдімекендер мен әскердің жекеленген бөліністерінде концерттер қойды.
Тағзым эстафетасының жабылу салтанаты 14 қазан күні сағат 11.00-де Үркер шағын ауданында (Ильинка кенті) орналасқан 5573 әскери бөлімінің алаңында 8-гвардиялық Панфиловшылар дивизиясының Жауынгерлік туының көшірмесін – И.В.Панфиловтың немересі Алуа Байқадамоваға салтанатты табыстау шарасымен аяқталатын болады.