Ұлттық ұлан сарбазы 100-ге жуық күйді шебер орындайды
Алматы қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Азиз Темірбек жауынгерлік міндетін абыроймен орындап, ұлттық өнерді насихаттап жүрген жас таланттардың бірі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 жастағы Азиз Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Бала кезінен домбыраға әуес болып өскен ол мектеп қабырғасында алғашқы ұстазы Гүлназ Сералиевадан күй өнерінің әліппесін үйренеді. Кейін Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінде білім алып, ұстазы Жансұлтан Жұмабектен күйшілік шеберлігін шыңдайды.
Бүгінде ұландық 100-ге жуық күйді жатқа біледі. Оның орындауында қазақтың әйгілі күйлері - "Сарыарқа" "Серпер", "Ақсақ киік", "Төремұрат", "Байжұма" сынды туындылар ерекше әсер қалдырады. Әзиздің айтуынша, танымал күйлердің басым бөлігін ол нота арқылы меңгерген.

Қазіргі уақытта Азиз әскери бөлімнің құрамында Алматы қаласының қоғамдық тәртібін қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігін күзетуде. Ал бос уақытында қаруластарының өтінішімен домбырасын қолына алып, өзі білетін күйлерді тамылжыта орындап береді. Оның әсерлі орындауындағы күйлер сарбаздардың көңіл-күйін көтеріп, жауынгерлік рухын арттыра түседі.

Ұлттық ұлан қатарында әскери қызметін өтеп жүрген жастардың арасында осындай өнерлі азаматтардың болуы ұлттық мәдениеттің сабақтастығын көрсетеді. Домбыраның қоңыр үні арқылы Азиз Темірбек қасиетті өнер тінін үзбей, қазақтың ғасырлардан жеткен күй дәстүрін жаңа буынға жеткізудің жарқын үлгісін танытып келеді.
