Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланда 7 баланың анасы қызмет етеді

Ұлттық ұланда қызметке де, отбасына да көңіл бөлуге үлгеріп жүрген ақ жаулықты көпбалалы ана – Тұрсынай Керимбекова бар. Ол жеті бүлдіршіннің анасы. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында  Polisia.kz сайтының тілшісі погон таққан арумен сұхбаттасты.

Тұрсынай Керимбекова Петропавл қаласы Ұлттық ұлан академиясы Әскери-ғылыми орталығының типография қызметінде аға маман лауазымында қызмет етеді.


8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ҚР ішкі істер министрі Марат Ахметжанов асыл жар, аяулы ана, іскер қызметкер Тұрсынай Керимбекованы “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапаттап, гүл шоқтарын ұсынды.


Кейіпкеріміз өмірінің тең жартысын ішкі істер органдарына арнағанымен, үйде бала-шағаға көңіл аударуды ұмытқан емес. Олардың тәрбиесі мен білімге деген ынтасын, қызығушылығын арттыруға арнайы уақыт бөледі.


Бүгінде 42 жастағы ару жолдасымен бірге төрт ер бала мен үш қызды тәрбиелеп отыр. 7 баланың анасы бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен ел бейбітшілігі жолында адал қызмет етіп келеді. Сөзінше, оған қызығып та, таңданып та қарайтындар көп.

– Менен барлығы ”Қалай бәріне үлгересің?” деп сұрайды. Жұмыс пен үйдегі міндетті қалтқысыз атқаруда маған қолдау көрсететін жолдасым, ата-анамыз бен балаларымыз. Ұлқыздарым әрдайым көмектеседі. Қызым тамақ пісіріп, үй жинап қояды. Кішкентайларым балабақшаға, мектепке барады. Олардың сабағын, үйірмелерін қадағалап, реттеп отыру керек. Бұл да менің парызым, – дейді көпбалалы ана.


Кейіпкеріміздің жұбайы да Ұлттық ұланда офицер. Осы уақытқа дейін отбасы қызмет бабымен қаладан қалаға көшіп, ел аралаған. Қазір олар Петропавл қаласында тұрып жатыр.

– Қазақстанның көп қаласында қызмет атқардық. Мәскеуде де тұрған кездеріміз бар. Балалар да, мен де үйреніп қалдық. Өзім оңтүстіктің тумасымын, ал балаларым болса әртүрлі қалаларда дүниеге келді. Қазір үлкендерім Алматыда оқиды, кіші балаларым жанымызда, – деп жалғастырды ол.

Тұрсынай Керимбековамен бірге қызмет істеп, аралас-құралас болып жүрген әріптестері оны өз ісінің маманы, іскер қызметкер ретінде жақсы біледі.

– Әріптесіміз өте жауапты. Үйде де, жұмыста да үлгеріп жүреді. Тұрсынай Құдіретқызы қойылған барлық міндеттерді сапалы, дәл және мерзімде орындайды. Академияның қоғамдық өмірінде де белсенді. Жұбайын да жақсы танимын. Ол кісі де офицер, – деп бөлісті ҚР Ұлттық ұланы академиясы Әскери-ғылыми орталығының бастығы Жомарт Атығаев.

Айта кету керек, ҚР Ұлттық ұлан қызметкерлерінің ішінде бір мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Ал біздің кейіпкеріміз – Тұрсынай Керимбекова “Алтын алқа” медалімен марапатталған жалғыз шенді ару.


Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру