Ұлттық ұланның шығармашылық ұжымдары мемлекеттік іс-шаралардың ажырамас бөлігіне айналды
Ұлттық ұланның шығармашылық ұжымдары мемлекеттік іс-шаралардың ажырамас бөлігіне айналды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетімді оркестрі, ән-би ансамблі және құрмет қарауыл жеке ротасы мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар іс-шараларды жоғары деңгейде қамтамасыз етіп келеді. Аталған құрылымдар кәсіби дайындық пен әскери тәртіпті ұштастыра отырып, еліміздің ресми рәсімдеріне тұрақты қатысады.
Ұлттық ұланның ұлгілі-көрсетімді оркестрі мемлекеттік мерекелерде, әскери рәсімдерде, халықаралық кездесулерде және өзге де маңызды іс-шараларда музыкалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Оркестр құрамына кәсіби музыкалық білімі бар мамандар қабылданады. Кандидаттар жоғары оқу орнын тәмамдауы, үрмелі аспаптарды еркін меңгеруі, музыкалық теорияны, сольфеджионы жақсы білуі және жоғары деңгейдегі есту қабілетіне ие болуы тиіс.
Ұжымның репертуарына саптық, марштық және концерттік шығармалар енеді. Оркестр жыл сайын екі мыңнан астам іс-шараға қатысып, халықаралық фестивальдерде Қазақстанның намысын қорғап келеді. Олар Ресейде өткен "Спасская башня", "Амурские волны" фестивальдерінде, сондай-ақ "Әскери керней" халықаралық әскери-музыкалық фестивалінде өнер көрсеткен.
Оркестр музыканттары жеке шығармашылық байқаулардан өтіп қабылданады. Ұжым құрамындағы әскери қызметшілердің айтуынша, репертуар үнемі жаңартылып, түрлі деңгейдегі салтанатты рәсімдердің ерекшелігіне қарай орындалады.
Ұлттық ұланның ән-би ансамблі әскери-патриоттық бағыттағы мәдени жобаларды жүзеге асырады. Ұжымның негізгі мақсаты – патриоттық тәрбиені насихаттау және әскери қызметтің беделін арттыру. Ансамбль жыл сайын жаңа шығармаларды көрерменге ұсынады. Репертуарды қалыптастыру кезінде түрлі композиторлармен жұмыс жүргізіліп, ән мәтіндерінің мазмұнына ерекше назар аударылады. Шығармалардың негізгі бағыты – елге, жерге және Отанға деген құрметті дәріптеу.
Сонымен қатар ансамбль республикалық концерттерге, тележобаларға және мәдени іс-шараларға тұрақты қатысады. Өнер ұжымы әлеуметтік желілер арқылы келіп түсетін ұсыныстарды да қарастырып, түрлі өңірлерде концерттік бағдарламалар ұйымдастырады.
Ұлттық ұланның құрмет қарауыл жеке ротасы мемлекеттік хаттамалық іс-шараларды қамтамасыз етеді. Рота әскери оқу орындары түлектеріне алғашқы офицерлік шен тапсыру рәсімдеріне, шетелдік ресми делегацияларды қарсы алу және шығарып салу салтанаттарына, сондай-ақ мемлекеттік деңгейдегі өзге де рәсімдерге қатысады.
Құрмет қарауылына іріктеу қатаң талаптар бойынша жүргізіледі. Әскери қызметшілердің бойының ұзындығы кемінде 180 сантиметр болуы тиіс. Сонымен қатар олар саптық дайындық бойынша арнайы бағдарламадан өтеді. Дайындық барысында қарумен және қарусыз саптық тәсілдер, әскери жарғы талаптары толық меңгеріледі.
Рота құрамындағы ту тобына қойылатын талаптар да ерекше. Әскери қызметшілер саптық қозғалыстың барлық элементтерін дәл орындап, жоғары физикалық дайындық пен төзімділік көрсетуі қажет.
Ұлттық ұланның шығармашылық және салтанатты рәсімдерді қамтамасыз ететін бұл құрылымдары әскери қызметтің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Олар мемлекеттік іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосып, еліміздің халықаралық және ішкі деңгейдегі ресми имиджін қалыптастыруға атсалысып келеді.
