Ұлытау облысының полициясында Рүстем Қайдаровтың отбасымен кездесу өтті
Бүгін Ұлытау облысының Полиция департаментінде Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Рүстем Қайдаровтың отбасы мүшелерімен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты жиынға генерал Р.Қайдаровтың жан жары мен қызы, бірге қызметтес болған ардагерлер және шәікірттері келіп қатысты.
– Рүстем Есімханұлының жүріп өткен даңқты жолы, ерен еңбегі Қазақстаннан басталып кезіндегі Кеңес одағының Ішкі істер министрлігі, тәуелсіздік алған соң Халықаралық Біріккен Ұлттар Ұйымына дейін созылып жатыр. Қазақстан Респбуликасын Ішкі істер органдарында қарапайым қызметкерден бастап генералдық шенге дейін артына үлкен мектеп қалыптастырып, дарабоз тұлға, білікті басшы, ұлтжанды тарихи ақтаңгер азамат екендігін танытты. Біз үшін осындай азаматтың Жезқазған ішкі істер органдарында да ерекше із қалдырғаны зор мақтаныш, мерейлі мәртебе, – деді облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Қайыркен Әлиев.
Мемлекет қайраткері ретінде Рүстем Есімханұлы 1996 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Комиссиясының 39-сессиясында есірткімен күрес мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі делегациясының басшысы болды. Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасындағы біріккен ақпараттық кеңістік құру туралы” Жарлығы авторларының бірі. Құқық тәртібі мен заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі халықаралық және үкіметтік комиссия жұмыстарының белсенді мүшесі. 20-дан астам ғылыми мақалалардың авторы. 1999 жылдан “Қорғау” зейнетақы жинақтау қоры” акционерлік қоғамының президенті, “Генералдар кеңесі” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ресей Жаратылыстану ғылыми академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық ақпараттану академиясының және Дүниежүзілік ақпараттық парламенттің академигі, Кеңес Одағының Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері сынды атақ-айбыройларын атап өтпеу мүмкін емес.
Салтанатты жиынға арнайы келген марқұмның жан жары Аймен Жексенбайқызы мен қызы Гүлсім Рүстемқызы кездесуді ұйымдастырушыларға алғыс айта отырып, генарал Р.Қайдаровтың “Өмір өткелдері” атты жинағын Қайыркен Жетпісбайұлына сыйға тартты.
– Ұлт үшін еңбек еткен тұлғамыздың қапталынан табылып, шаңырағын шарықтатып, атақ-абыройын ұлықтап жүрген асыл жары мен балаларына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Киелі Жезқазған, ұлт ұясы болған Ұлытау облысының тұрғындары мен тәртіп сақшылары атынан аз да болса құрмет-қошеметімізді көрсетсек, – деп Қайыркен Әлиев естелікке кітап пен гүл шоқтарын табыс етті.
Салтанатты шараға жиылғандар Жезқазған қаласының ПБ ғимаратында орналасқан музейдегі Р.Қайдаровқа арналған арнайы бұрышты көруге келді. Мұнда келушілер генералдың еңбек жолынан сыр шертетін фото суреттер және марқұмның өз қолымен жазған шығармаларымен танысты.