Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Велосипедті қолды қылған жігіт өз қылмысын мойындады

Түркістан облысының полицейлері велосипед ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғаны жөнінде арызданған. Азаматтың айтуынша, 60 мың теңге тұратын «Аис» маркалы велосипедін белгісіз азамат ұрлап кеткен. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, жедел іздестіру шараларын бастап кетеді.

Оқиға орнына бірден учаскелік инспекторлар келіп, велосипед ұрлаған ұрыны іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәгерлерден жауап алып, дүкен мен көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді. Куәгерлердің бірінен күдіктінің белгілерін алған Сарыағаш АПБ-нің полиция қызметкерлері көшелер мен аулаларды аралай бастады.

Іздестіру нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні тұрғылықты мекен-жайынан тәулік ішінде «ізін суытпай» ұстады. Өзінің ұрлық жасағанын толық мойындаған күдікті Сарыағаш ауданының тұрғыны болып шықты.

Учаскелік инспекторлар күдікті ер азаматтан қолды болған велосипедті тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Бас шарасы келу туралы міндеттеме.

Тергеу барысында анықталғандай, сауда орталығында жұмыс жасайтын жәбірленуші күн сайын бір орынды белгілеп, велосипедін қойып жүрген. Содан оны күдікті азамат байқап, тапа тал түсте велосипедті ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мүліктеріңіздің сақталуы үшін мұқият болу керектігін ескертеді. Осы тұста қылмыстық шабуылдардың алдын алуға көмектесетін бірнеше ережелерді біле жүріңіздер:

* велосипедтерді кіреберістерде және басқа да ортақ орындарда, дүкендер жанында, саябақта және адамдар көп жиналатын басқа жерлерде қараусыз қалдырмаңыз;
* егер велосипедіңізді қалдыруға тура келген жағдайда, аз уақыт болса да құлыптау құрылғысының сенімділігіне көз жеткізіңіз;
* сондай-ақ, велосипедті бөтен адамдарға қарауға тастамаңыз;
* мүмкіндігінше велосипедті бейнебақылау жанына қойыңыз, бұл ұрлық жағдайында ұрыларды тез табуға көмектеседі.

Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, шұғыл полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру