Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Визаның көмегімен ақша ұрлығы ашылды

Визаның көмегімен ақша ұрлығы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

17 ақпан күні Бұланды полиция бөлімінің “102” пультіне Макинск қаласының 68 жастағы тұрғынынан сағат 09:00-ден 14:30-ға дейінгі аралықта белгісіз біреу үйден 175 мың теңгесін ұрлап кеткені туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Зейнеткер таңертең емханаға кеткен, ал үйде көру қабілеті нашар жұбайы болды. Медициналық мекемеден оралған ақмолалық ақша жоғалғанын анықтап, полициядан көмек сұрады.

Оқиға орнына полиция қызметкері Джапарбеков Ағыбай мен Виза қызметтік-іздестіру иті бар жедел-тергеу тобы келді. Ізді “алған” малинуа тұқымының бельгиялық иті жарты сағаттан кейін тәртіп сақшыларын көрші үйге алып келді.

57 жастағы бұрын сотталмаған жергілікті тұрғын ұрлық жасағанын мойындады. Күдіктінің айтуынша, ол бір күн бұрын көршісінің үйінде болып, зардап шегушінің әмиянды қойған жерін көрген. Әңгіме барысында зейнеткер ауруханаға баруды жоспарлап отырғанын айтқан. Оның жоқтығын пайдаланған қаскүнем үйге кіріп, кіреберістегі шкафта жатқан ақшаны ұрлап кеткен. Қуантарлығы, әйел ақшаны жұмсап үлгермеген. Заттай дәлелдемелер тәркіленіп, иесіне қайтарылды.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Ағыбай Джапарбековтың айтуынша, олар төрт аяқты серіктесімен өте тату.

– Өзара түсіністік бар. Виза командалары тиісті деңгейде орындайды. Табиғаты бойынша ит тыныш. Оның профилі – иіс іздерімен жұмыс, – деді Ағыбай Джапарбеков.

Екі жыл ішінде олар 10-ға жуық қылмыстың бетін ашқан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру