Ювеналды полиция инспекторы жасөспірімдермен жұмысы туралы айтты
Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторы – Гүлжан Нұржанова, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол «Полиция аруы – 2019» фотобайқауының жеңімпазы. Қатаң тәртіп, сұлу сымбат пен кәсібилікті үйлестіре білген сала қызметкері – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыс жасайды.
– Оқушылармен байланыс құруда – олардың әр бірін жаныма жақын тартып, сіңілім әрі өз інім секілді ерекше мейіріммен қараймын әрі өз жұмысымды үлкен жауапкершілікпен атқарамын, – дейді Гүлжан Нұржанова.
Өз қызметтік міндетін атқару барысында антына адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға зор үлес қосып келе жатқан нәзік жанды полицейдің еңбек жолында жеткен жетістіктері де аз емес. Шымкенттің ең сұлу полицейі белсенді өмір салтын ұстанады. Спорттан да құр алақан емес. Қосымша шығармашылықпен айналысады. Абай оқуларының қатысушысы, ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жыр мүшәйраларына қатысқан.
– Жаны нәзік болса да, рухы мықты арудың еңбегін әріптестері жоғары бағалады. Әсіресе оқушылармен қарым-қатынаста тек полицей емес, кейде психолог кейде тіпті оқушылардың досы сынды тіл табысады, – дейді №40 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қаламқас Жұмабекова.
Ер азаматқа тән ауыр қызмет пен нәзік жанды әйел затының мойнындағы міндетті қатар атқарып жүрген батыл қызметкердің жетістіктері – көпке үлгі.