Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ювеналды полиция инспекторы – бала үшін дос та, психолог та

Ювеналды полиция – ішкі істер органдарының ең маңызды бағыттарының бірі.

Ұлытау облысы полиция департаменті Жезқазған қаласы полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторы Алтынай Жанәділова нәзікжандылар қатарынан болса да, темірдей тәртіпке бой үйреткен. Ол 2023 жылдан бастап кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыс істейді.

– Жастайымнан ата-анам полиция құрметке лайық және әрқашан сұранысқа ие мамандық дейтін. Содан болуы керек, полиция қызметіне қызығушылығым оянды. 2023 жылдан бастап Жезқазған қаласы ПБ ювеналды полицейлерінің қатарына қосылдым. Шын мәнінде бұл қызмет кинодағы сценарийлерге мүлдем ұқсамайды, – дейді полицей ару.

Алтынай Жанәділованың сөзінше, тұрмысы қолайсыз отбасыларға барғанда және түнгі рейдтерге түскенде ол жасөспірімдер үшін алаңдайды.

– Оқушылармен тіл табысу үшін біз тек полицей ғана емес, психолог қызметін де атқарамыз. Жасөспірімдердің арасында буллинг, есірткі заттарына тәуелділік пен нашақорлыққа құмарлықты болдырмау мақсатында профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, – деді ол. 

Кәмелетке толмаған балалар арасында ең жиі кездесетін жайт – олардың ата-анасыз түнгі уақытта көшелерде болуы. Былтыр Жезқазған қаласында 300-ге жуық ата-ана жауапкершілікке тартылып, 36 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды.

– Баланың қуанышын көру, оны бауырға басу маған ләззат сыйлайды. Бұл ретте өз тағдырын полиция қызметімен байланыстырғысы келетін адамдарға шыдамды әрі адал болуды тілеймін. Егер адамдарға көмектесу сізге шынайы қуаныш әкелмесе, онда бұл жұмыстың ауыр соғары сөзсіз, – деді Алтынай.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру