Заң мен білім тоғысқан дода: Шымкентте “Әділетті полицей” турнирі ұйымдастырылды
Шымкент қаласында “Адал полицей” акциясы аясында ұйымдастырылған “Әділетті полицей” өңірлік интеллектуалдық турнир ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Білім сайысына Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары полиция департаменттерінің командалары қатысты.
Іс-шараның құрметті қонағы болған Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Сержан Тұрсынбеков қызметкерлердің кәсіби сауаттылығын арттырудың, зияткерлік әлеуетін дамытудың және ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Турнир барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама, қызметтік әдеп нормалары бойынша білімдерін көрсетіп, логикалық тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар тарих әдебиет, мәдениет және өзге де бағыттар бойынша сұрақтарға жауап берді. Зияткерлік дода ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындық деңгейімен қатар, жан-жақты білімін, командада жұмыс істеу қабілетін және жедел шешім қабылдау дағдыларын айқындауға мүмкіндік берді.
Тартысты әрі қызықты өткен сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Шымкент қаласы полиция департаментінің командасы иеленді. Екінші орын Қызылорда облысының командасына бұйырды. Ал үшінші орынды Түркістан және Жамбыл облыстарынан қатысқан командалары өзара бөлісті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қызметкерлердің құқықтық мәдениетін арттыруға, өңірлер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға және полицейлердің интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
