Заң талаптарын елемеген ақтөбелік қайтадан бас бостандығынан айырылды
Заң талаптарын елемеген ақтөбелік қайтадан бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласының 32 жастағы тұрғыны шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғанына қарамастан, заң талаптарын сақтамай, қайтадан қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Өткен жылы бас бостандығынан айыру орнынан босатылған азамат сот белгілеген шектеулерді сақтауға міндеттеліп, полицияның бақылауына алынған болатын. Алайда жүргізілген профилактикалық және қадағалау шараларына қарамастан, ол тиісті қорытынды жасамай, жарты жылға жетпейтін уақыт ішінде қайта құқық бұзушылыққа жол берген.
Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе қаласы полиция басқармасының қызметкерлері шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды жою туралы материалдарды сотқа жолдады.
27 наурызда Ақтөбе қаласының №2 сотында өткен отырыста сотталушыға бұрын тағайындалған 10 ай 29 күн мерзімге бас бостандығын шектеу жазасының күші жойылып, сот қаулысымен дәл осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Сонымен қатар шартты түрде босатылған тұлғалардың жауапкершілігін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сот отырысы көрсеткіш процесс форматында ұйымдастырылды. Оған Ақтөбе қаласы бойынша полиция есебінде тұрған барлық шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтар қатысты.
