Зауытқа жұмысқа тұрғызуға уәде еткен түркістандық ұсталды
Зауытқа жұмысқа тұрғызуға уәде еткен түркістандық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық полиция басқармасына алаяқтың құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша бөтен ер адам зауытқа жұмысқа кіргізіп беремін деп сендірген.
Полицияға дәл осындай арызбен тағы бір тұрғын шағымданған. Жәбірленуші тұрғындар арадан бірнеше ай өтсе де жұмысқа орналаса алмағандықтан, танысының алдап жүргенін білген. Сондықтан бірден полиция қызметкерлеріне хабарласып, көмек сұраған.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, қылмыстық іс қозғады. Полицейлер іздестіру шаралары барысында күдіктінің жергілікті мекенжайын анықтап, ұстады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.
Яғни сезікті ер адам жалпы 10 тұрғынды алдап, олардан алдау жолымен алған 500 мың теңге ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда алаяқтық жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Полицейлер жәбірленушілердің саны артуы мүмкін екенін айтады.