Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Зейнетақы қорындағы жинақты алып беремін деп тұрғынды алдаған ақтөбелік ұсталды

Ақтөбе полицейлері тұрғынды зейнетақы жинағындағы ақшасын алып беретінін айтып алдап, 130 мың теңгесін алған күдікті әйел адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында зейнетақы қорынан ақшасын алуға көмектесетінін айтып алдап, Ақтөбе тұрғынының ақшасын иеленген күдікті әйелді полиция бөліміне жеткізді.

Тергеп-тексеру барысында күдікті 48 жастағы ақтөбелік тұрғынның зейнетақы жинағын алып беретінін айтып, өз қызметі үшін одан 130 мың теңгеге жуық ақша алғаны анықталды.

Жәбірленуші оны ортақ таныстары арқылы тауып, ұялы телефон арқылы байланысқан және ақшаны күдікті көрсеткен шотқа банктік қосымша арқылы аударған. Алайда уәде етілген зейнетақы қорындағы ақшасын да, өз ақшасын да қайтарып ала алмаған тұрғын полицияға арызданды.

Қазіргі таңда полиция қылмыстық іс қозғап, алаяқтық дерегі бойынша күдіктіге қатысты тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіліп жатыр.

Ақтөбе облысының полиция департаменті тұрғындарды күмәнді мәмілелер жасау мен қызметтерді делдалдар арқылы алудан бас тартуға, сондай-ақ белгісіз адамдарға алдын ала төлемдер жасамауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру