Зейнеткерді тонаған екі күдікті құрықталды
Атырауда зейнеткерді тонаған екеу ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаскүнемдер тал түсте қаладағы Тұрғындар қалашығы ықшам ауданындағы үйлердің пәтерлерінің бірінің есік қоңырауын соғып, ішке енген. Олар есігін ашқан 71 жастағы зейнеткерге күш көрсетіп, ақшасын, ұялы және радио телефонын, алтын алқасы мен сырғасын алып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Аталған қылмысты ашу мақсатында Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтың бұйрығымен тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу жедел тобы құрылды.
– Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде көп ұзамай күдіктілер ұсталды, – деп хабарлады облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрхат Оразбаев.
Тексеру барысында қылмыстық әрекеттердің салдарынан азаматшаға 479 000 теңге көлемінде залал келтірілгені, сонымен қатар күдіктілердің біреуінің бұрын ұрлық қылмысы үшін сотты болғаны анықталды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК-нің 191-бабының 3-бөлігімен (Тонау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.