Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында электрсамокаттарды пайдалану тәртібі жаңартылды

Павлодар облысында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалану қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңнамадағы өзгерістер таныстырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді.

Енді жалға берілетін әрбір электрсамокатқа мемлекеттік тіркеу нөмірі беріледі. Бұл автоматты тіркеу камераларының Жол қозғалысы қағидаларын бұзу деректерін тіркеп, құқық бұзушылық жасалған нақты электрсамокатты анықтауына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар электрсамокатты жалға алушылар үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру міндетті талапқа айналды.

Өз кезегінде кикшеринг компаниялары электрсамокаттардың техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, олардың қозғалыс жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, белгіленген аумақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, ретсіз тұраққа қоюдың алдын алуға, электрсамокаттардың есебін жүргізуге және ішкі істер органдарына қажетті ақпаратты ұсынуға міндетті.

Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, егер пайдаланушыда жүргізуші куәлігі болмаса, сервис электрсамокаттың автомобиль жолының жүру бөлігімен қозғалуына мүмкіндік бермеуі тиіс.

Еске сала кетейік, электрсамокатпен ең алдымен велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүру қажет. Ондай инфрақұрылым болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат етіледі. Тротуарда қозғалған кезде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс.

Ал 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады.

Автомобиль жолының жүру бөлігімен тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын киген азаматтарға ғана жүруге рұқсат етіледі.

Сондай-ақ электрсамокатпен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелі арқылы электрсамокаттан түспей жолды кесіп өтуге, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз автомобиль жолының жүру бөлігімен қозғалуға тыйым салынады.

Жаңа талаптарды сақтау электрсамокат жүргізушілерінің де, жол қозғалысының өзге қатысушыларының да қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру