Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл ауданында кесенедегі садақа жәшігін бұзған күдікті әйел ұсталды

Жамбыл ауданында кесенедегі садақа жәшігін бұзған күдікті әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға Жамбыл ауданындағы кесенелердің бірінде орын алған. Кесененің тазалығы мен тәртібіне қарап, тәу етіп келушілерге жәрдем беруші тұлға кесене ішіндегі садақа жәшігінің құлпы бұзылғанын және ішіндегі қаражаттың қолды болғанын анықтаған. Дереу аудан орталығындағы туысына хабар берген азамат кесене маңында жүргені күдік тудырған әйелді алып келген автокөлікке тән белгілерді айтқан.

– Кесенедегі садақа жәшігінің қолды болғаны туралы хабар түсті. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 39 жастағы әйел адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. Оның жақын ауылдардың бірінің тұрғыны екені анықталды. Күдіктіден қолды болған қаражат тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр,- деді Жамбыл ауданы Полиция бөлімінің бастығы Асхан Тегенбаев.

Тергеу барысында күдікті бұған дейін кесенеге келіп, қаржы салынған жәшіктің еш бақылаусыз тұрғанына көз жеткізгені белгілі болды. Келесі жолы дайындықпен келген әйел жәшіктің құлпын бұзып, ішіндегі қаражатты алып кеткен. Жауапты тұлғаның мұқияттылығы дінге де, заңға да қайшы жымысқы әрекетті тоқтатып, қылмысты шұғыл ашуға септігін тигізді.

Күдікті әйел мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Оның бұдан өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бары тексерілетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру