Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысының ПД бастығы мал ұрлығының алдын алу бойынша шаралар туралы айтып берді

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов өзінің Facebook-тегі парақшасында ауыл тұрғындарын қырағы, мұқият болуға және малдарын қараусыз қалдырмауға шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі саласы болып қала береді. Ал ауыл-аймақтарда үй жануарларын ұстау – жалғыз табыс көзі десек те болады. Алайда оңай пайда табуды көздейтіндердің кесірінен кейбір отбасылар қиын жағдайға тап болып жатады.

Жамбыл облысының Полиция департаменті мал ұрлығына қарсы күрес бойынша кешенді іс-шаралар қабылдауда, “Қашар”, “Мал ұрлығы” жедел-алдын алу іс-шаралары өткізілуде.

Жыл басынан бері мал ұрлығының 39 дерегі тіркеліп, оның 28-і ашылды. Бұл ретте жәбірленушілердің полицияға дер кезінде жүгінуі ұрлықты “ізін суытпай” ашуға көмектесті. Мәселен, жақында Байзақ ауданының тұрғыны өз шаруа қожалығына келіп, 61 жылқысы мен 169 қойының жоғалғанын білген. Ол келтірілген шығын көлемін 36 миллион 680 мың теңгеге бағалады. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері аталған шаруа қожалығында шопан болып жұмыс істеген 40 жастағы ер адамды ұстады. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігімен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

– Бұл оқиға барлық шаруалар үшін сабақ болуы тиіс. Малшылармен ресми еңбек шартын жасаңыздар. Көп жағдайда полицейлерге ұрланған емес, жоғалған малдарды іздеуге тура келеді. Малды қараусыз қалдырмаңыздар, үй жануарларын таңбалауды қолға алыңыздар. Сақтық шараларын қабылдап, ұрлыққа жол бермеңіздер дегім келеді. Осы өзекті мәселені шешу үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет, – деп атап өтті Жанат Қуанышұлы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру