Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысының Полиция департаменті бірінші жартыжылдықты қорытындылады

Жамбыл облысының Полиция департаменті бірінші жартыжылдықты қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл обысы Полиция департаментінде осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы бойынша кеңес өтті. Бұл туралы Жамбыл облысы ПД бастығы Арманбек Баймурзин хабарлады.

Жиын барысында жеке құрамға ҚР ІІМ-нің Алқа отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың алға қойған міндеттері жеткізілді.

Жалпы, облыстағы жедел жағдай тұрақты. Биылғы жылдың 6 айында тіркелген құқық бұзушылықтар мен қылмыстар саны 1,1%-ға азайды.

Есеп беру кезеңінде кісі өлтіру, зорлау, тонау, қарақшылық шабуыл, ұрлық және мал ұрлығы азайды. Патрульдік полиция бөліністерімен “iзiн суытпай” 361 қылмыс ашылды.

Жыл басынан бері 286 есірткі қылмысы анықталды. Заңсыз айналымнан бір тоннадан астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.

Ұзақ анықтамалар мен құрғақ статистиканың орнына Арманбек Баймурзин баяндамашыларға қолда бар деректерді объективті түрде талдап, мәселелерді және оларды шешудің оңтайлы жолдарын анықтауды тапсырды.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі болды. Алты айдың қорытындысы бойынша ЖКО санының 40,9%-ға өсуі байқалды. Жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігінің негізгі себебі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін саналы түрде бұзуы болып табылады.

Осыған байланысты патрульдік экипаждардың орналасуы толықтай қайта қаралды және күштер мен құралдарды қайта бөлу есебінен олардың тығыздығы артты. Қала маңындағы патрульдік бағыттардың ұзақтығы екі есе қысқарды, бұл өз кезегінде жол қозғалысын бақылауды жақсартады.

Кеңес барысында сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізу, атап айтқанда, бейнебақылау жүйесін кеңейту, жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеудің аппараттық-бағдарламалық кешендерін пайдалану жөніндегі шаралар талқыланды.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында автожолдарда 10 “Арқан” мобильді аппараттық-бағдарламалық кешені, 12 “Автоураган” кешені орнатылды.

Кеңес қорытындысы бойынша ПД бастығы кейбір басқармалар мен аудандық полиция бөлімдерінің басшыларына жіберілген кемшіліктер үшін ескерту жасады. Барлық кемшіліктерді қысқа мерзімде жою тапсырылды.

Қорытындылай келе, өңірдің бас полицейі ішкі істер органдарының алдына қойылған басым міндеттердің бірі “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында ведомство жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге баса назар аударды.

– Полиция департаментіне келіп түскен азаматтардың бірде-бір өтініші қараусыз және тиісті жауапсыз қалмауы керек. Егер адамдар өздерін толғандырған маңызды сұрақтарға жауап таба алмаса, олар құқық қорғау органдарына деген сенімін жоғалтады, – деп атап өтті ол.

Жамбыл облысының Полиция департаментімен бірінші жартыжылдықта 2 мыңнан астам өтініш қаралып, оның ішінде 575-і азаматтарды жеке қабылдауда тыңдалып, заңды шешімдерiн тапқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру