Жамбылда сот жүктеген міндеттерді орындамаған ер адам бас бостандығынан айырылды
Жамбылда сот жүктеген міндеттерді орындамаған ер адам бас бостандығынан айырылып, қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мойынқұм аудандық пробация қызметінің есебіндегі сотталған Ж.есімді ер адам ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, сот үкімімен оған екі жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Алайда ол жаза өтеуінің мерзімі ішінде пробациялық бақылауда болғанына қарамастан, қоғамдық тәртіппен имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.Берілген ескертуге де құлақ аспаған ер адамның жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру үшін пробация қызметкерлері сотқа ұсыныс жолдады. Мойынқұм аудандық сотының қаулысымен аталған ер адамның жазасының өтелмеген бөлігі бір жыл екі ай мерзімі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, сот залынан қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енді.
Айта кетейік, ашық сот отырысына аудандық пробация қызметінің есебінде тұрғандар да қатысты.
Мойынқұм аудандық пробация қызметінің аға инспекторы әділет капитаны Нұрсұлтан Каиповтың айтуынша, оларды қатыстырудағы мақсат – пробация қызметінің бақылауынан жасырынып, тиісті қорытынды жасамай, түзелу жолына түсуге талпынбаған, заң талаптарын бұзған адамдардың барар жері түзеу мекемесі екендігін көрсету.