Жамбылдық полицейлер алаяқтық дерегіне қатысы бар азаматтарды анықтады
Жамбылдық полицейлер алаяқтық дерегіне қатысы бар азаматтарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Меркі ауданының полиция бөліміне алаяқтықтың құрбаны болған 30 жастағы жергілікті тұрғын шағымданды.
Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс әйел оны жылдық 2,5%-бен 886 мың теңге көлемінде несие алуға көмектесетініне сендірген. Жәбірленушіні несиенің төмен пайыздық мөлшерлемесі қызықтырған. Күдікті әйел оның сенімін пайдаланып, телефон арқылы несие рәсімдеуге және шотына 886 мың теңге көлеміндегі ақшаны аударуға көндірген.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Алматы облысының 22 жастағы тұрғынын ұстады, сондай-ақ оның осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Ағымдағы жылдың 20 қаңтарында күдікті осындай тәсілмен Меркі ауданының 58 жастағы тұрғынының сеніміне кіріп, одан 1 млн теңгені алдап алған.
Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Күдікті өз кінәсін толық мойындады, қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.