Жамбылдық полицейлер бес тәулікте 33 атыс қаруын тәркіледі
Жамбылдық полицейлер бес тәулікте 33 атыс қаруын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының аумағында атыс қаруын қолдана отырып жасалған қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз айналымнан алу және қару иелерінің қаруды сақтауын тексеру мақсатында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Мәселен, Қордай ауданында жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде полиция қызметкерлері ТОЗ бір ойық қаруды заңсыз сақтаған 60 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады.
Сондай-ақ, Тұрар Рысқұлов ауданының 41 жастағы тұрғыны да қаруды заңсыз сақтағаны анықталды. Оның шаруа қожалығын тексеру кезінде тіркелмеген 2 тегіс ұңғылы қару мен бір ойық мылтық табылды.
Аталған деректерге қатысты ҚР ҚК 287-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.
Барлығы 5 күн ішінде тәртіп сақшылары 33 атыс қаруын, оның ішінде 4 жауынгерлік (ТТ, Вальтер, ПМ, Стример), 4 травматикалық және 2 газ тапаншасын, 23 тегіс ұңғылы мылтық және әртүрлі калибрлі 500-ден астам патрон тәркіледі.